ЖТСМ дегеніміз не және кредитті ресімдемес бұрын неге оны білген абзал
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — бұл шарттағы жай ғана сан емес. Бұл қарыз алушының микрокредитті пайдаланғаны үшін микроқаржы ұйымына (бұдан әрі – МҚҰ) төлейтін жалпы қаражат сомасының көрсеткіші.
Номиналды пайыз мөлшерлемесіне қарағанда, ЖТСМ қарыз алушының негізгі қарызы мен сыйақы бойынша төлемдерінің барлығын, сондай-ақ келесі төлемдерді қамтиды:
- Қарыз алушының ерікті сақтандыру шарттары аясында, микрокредит беру кезінде шарт талаптарына әсер ететін немесе сол шарттардан туындайтын жағдайларда, соның ішінде кепілзат ретінде пайдаланылатын мүлікті сақтандыру шарттарын қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына төлейтін төлемдері. Бұл төлемдер микрокредит сомасы есебінен де жүргізілуі мүмкін;
- кепілдік алу үшін кепілгерге, кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төленетін төлемдер.
Бұл ретте негізгі қарыз бен (немесе) сыйақыны төлеу бойынша микрокредитті беру туралы шарттың талаптарын бұзған жағдайда туындайтын қарыз алушының айыппұлдық төлемдері (айыппұл, өсімпұл) ЖТСМ есебіне кірмейді.
ЖТСМ көрсеткіші арқылы клиент түрлі кредит шарттарын объективті түрде салыстырып, тиімдісін таңдай алады. МҚҰ бұл көрсеткішті кредит шарттарында міндетті түрде көрсетуге тиіс, себебі бұл қарыз алушыға кредит үшін қанша төлейтінін алдын ала көрсетіп, жасырын төлемдер мен тосын жағдайлардан сақтануға мүмкіндік береді.
ЖТСМ-ді өз бетінше есептеу
Арнайы онлайн-калькуляторды пайдаланыңыз. Ол сіз көрсеткен деректерге сәйкес ЖТСМ-ді автоматты түрде есептеп, микрокредит бойынша артық төленетін жалпы соманы көрсетеді.