Қысқа мерзімді қарыздардан ұзақ мерзімді қаржыландыруға көшу: Solva трансформациясы ШОБ-қа не береді?
Solva директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Ишмуратов микроқаржы ұйымының банк лицензиясын алу жолындағы қайта құрылуы қазіргі және әлеуетті қарыз алушылар үшін қаржыландыру шарттарын қалай өзгертетінін айтып берді.
Клиенттер үшін басты өзгеріс — микрокредит беру тәсілінің өзгеруі.
Solva кепілсіз микрокредиттерден кепілді несиелендіруге ауысып жатыр. Бұл мөлшерлемелерді едәуір төмендетіп, қаржыландыру мерзімдерін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания бұрынғы клиенттерін де назардан тыс қалдырмайды: олардың арасынан уақытылы кредитін өтейтін қарыз алушылардың шамамен 40%-ын құрайтын сенімді тобы анықталған. Ең алдымен, осы клиенттерге тиімді шарттары бар жаңа өнімдерге көшу ұсынылмақ.
Банк лицензиясын алу бір ғана өніммен шектелмей, депозиттерге, валюталық операцияларға, карталар мен комиссиялық өнімдерге жол ашады. Компания жаңа қызметтің әр бағытын жеке-жеке заңды тұлға ретінде ресімдейді. Атап айтқанда, бизнеске арнап брокерлік қызметті, сондай-ақ лизинг пен факторингті іске қосады. Бұл — Қазақстанда әзірге жеткілікті дамымаған әрі дәстүрлі банктердің қызметімен толық қамтылмаған бағыттар.
Қызмет көрсетуді цифрландыру үрдісіне ерекше көңіл бөлінеді. Тимур Ишмуратов жарияланған уәделер мен нақты нәтиже арасында алшақтық бар екенін атап өтті: «Кейде цифрлық өнімдер туралы әлемге жар салынып жатады. Бірақ іс жүзінде «сырты бүтін, іші түтін» демекші, жұмыс әлі де қолмен атқарылады. Соның салдарынан клиент бәрібір бөлімшеге баруға мәжбүр болады. Solva-ның басты мақсаты — осындай кедергілерді жою үшін бизнес процестерді орталықтандыру. Осы міндеттерге сәйкес команда да қайта жасақталып жатыр: қазір қызметкерлердің шамамен 70%-ын банк секторынан келген мамандар құрайды.
Трансформацияны бірқалыпты жүргізіп, қазіргі қарыз алушыларға қолайсыздық туғызбау үшін компания ішінде run and change моделі енгізілді. Run бағыты қолданыстағы бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етсе, change бағыты алдағы жылы тек лицензия алумен айналысатын болады. Оның құрамына IT, методология мамандары және комплаенс саласының қызметкерлері кіреді.
«Дәл қазір басшылық алдында тұрған басты міндет — осы кезеңнен сүрінбей өту, күрделі жағдайды еңсеріп, жұмысты жолға қою, қысқа мерзімде ортақ мақсатқа жұмылған команда құрып, лицензия алу. Бірақ компания банк мәртебесін алғанда, нағыз жұмыс сол кезде басталады дер едім», — деп түйіндеді Тимур Ишмуратов.